17.07.2026 ж.
БАҚ үшін хабарлама
Ауылдағы жұмысшы мамандықтары байқауының
жеңімпаздары анықталды
Ауыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін кеңінен насихаттау, аграрлық мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын сүбелі үлес қосып жүрген ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлеріне (қойшыларға, малшыларға, жылқышыларға) қолдау көрсету – жобаның басты мақсаты болды.
Қазақстанда бірегей «Ең халықтық малшы» республикалық медиа-жобасының қорытындысы шығарылып, сондай-ақ алғашқы «Үздік техник-ұрықтандырушы – 2026» республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталды.
Аталған байқаулар еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең ірі салалық іс-шаралардың бірі – «Jańa Dala / Green Day ‘2026» Қазақстандық Дала күні халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясы аясында ұйымдастырылды.
«Ең халықтық малшы» жобасы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жобаның бастамашысы әрі негізгі ұйымдастырушысы – «Jańa Dala / Green Day ‘2026» халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясының ұйымдастырушысы «EXPO TIME» компаниясы.
Жобаға демеушілік қолдау көрсеткендер қатарында Қазақстандық ветеринариялық палата республикалық қоғамдық бірлестігі (төрағасы Оразхан Назаров) және ауыл шаруашылығы техникасына қажетті қосалқы бөлшектерді жедел іздеуге арналған отандық Jethro.kz цифрлық платформасының негізін қалаушы Сәкен Асхат бар.
Дала күніне дайындық аясында жоба командасы Ақмола облысының 14 негізгі ауданын аралап, мал шаруашылығы бағытындағы шаруашылықтардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Осы сапарлар барысында ауыл еңбеккерлерінің өмір жолы, кәсіби тәжірибесі, отбасылық құндылықтары мен шаруашылық жүргізудегі озық тәжірибесі туралы баяндайтын бейнематериалдар әзірленді.
Байқаудың басты ерекшелігі – жеңімпаздарды сарапшылар емес, әлеуметтік желілердегі ашық халықтық дауыс беру арқылы тұрғындардың өздері анықтады.
Көрермендердің ашық дауыс беру қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесін Шортанды ауданының «Бектау» шаруашылығының малшысы Әбілов Съездбек Аханұлы иеленді. Жеңімпазға қуатты мотоцикл және Starlink спутниктік интернеті жиынтығы табысталды.
Байқаудың өзге де жүлдегерлері атанып, жаңа мотоциклдердің иегері болғандар:
- Асылбек Жүнісов – Атбасар ауданындағы «Самарский-1» ЖШС-нің малшысы;
- Петр Миргород – Бұланды ауданындағы «Шаруа Көкше» ЖШС-нің жылқышысы;
- Әділет Паринов – Есіл ауданындағы «Тней-Агро» ЖШС-нің жылқышысы.
Көрме аясында алғаш рет ұйымдастырылған «Үздік техник-ұрықтандырушы – 2026» республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары да анықталды. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, фермерлік және шаруа қожалықтарының мал шаруашылығы саласында еңбек ететін үздік техник-ұрықтандырушылары қатысты.
Байқауды «EXPO TIME» компаниясымен қатар «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ және «Асыл түлік» республикалық мал шаруашылығындағы асыл тұқымды іс орталығы» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Қатысушылардың кәсіби шеберлігін саладағы жетекші мамандардан құралған құзыретті қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
І орын – Қадыров Үмірбек Рахымбердіұлы, Qazaq Aqbas Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының маманы (Ақмола облысы);
ІІ орын – Трунов Руслан Андреевич, «Атамекен-Агро» АҚ-ның маманы (Ақмола облысы);
ІІІ орын – Ортлиб Зайтуна Рафаилқызы (Ақмола облысы).
«Үздік техник-ұрықтандырушы – 2026» республикалық байқауының абсолютті чемпионы атағына Алматы қаласындағы «ABD Genetic» ЖШС-нің маманы Қапезов Әділхан Сансызбайұлы лайық деп танылды.
«Jańa Dala / Green Day» ақпараттық орталығы
Ринат Тасбулатов
Тел.: +7 701 460 91 82
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

















