17.07.2026 ж.
БАҚ үшін хабарлама
«Қазақстанның үздік бұқасы» ұлттық байқауында
павлодарлық абердин-ангус жеңіске жетті
«Jańa Dala / Green Day ‘2026» Қазақстандық Дала күні халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясы аясында өткен ең айтулы әрі көпшілік қызығушылық танытқан іс-шаралардың бірі – «Қазақстанның үздік бұқасы» ұлттық байқауы Абсолютті чемпионды марапаттау рәсімімен өз мәресіне жетті.
Еліміздің мал шаруашылығы саласындағы басты додаға айналған байқаудың финалдық кезеңі екі күнге созылып, халықаралық қазылар алқасының шешімімен Павлодар облысындағы «ASTYK PV» ЖШС-нен ұсынылған «Арчи» есімді абердин-ангус тұқымды бұқа байқаудың абсолютті чемпионы атанды. Жеңімпаз Angus Kazakhstan республикалық палатасының мүшесі болып табылады.
Байқаудың бас жүлдесі – жаңа YTO доңғалақты тракторы жеңімпазға байқаудың бас демеушісі – «АГРОТЕХМЕНЕДЖМЕНТ» (АТМ) компаниясының атынан салтанатты түрде табысталды.
Абсолютті чемпион атанған «Арчи» бұқасының жасы – 18 ай, қазіргі салмағы – 935 келі. Чемпионның иесі – «ASTYK PV» ЖШС – Қазақстандағы ірі көпсалалы агроөнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға маманданған және оның базасында абердин-ангус пен қазақтың ақбас сиыры (Qazaq Aqbas) тұқымдары өсіріледі.
«Jańa Dala / Green Day 2026» ұлттық етті ірі қара мал тұқымдары байқауының қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
- І орын – «Титан» атты бұқа, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ақселеу» ЖШС, Герефорд тұқымы республикалық палатасы;
- ІІ орын – «Багровый» атты бұқа, Ақмола облысындағы «Новобратское и К» ЖШС, Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасы;
- ІІІ орын – «Алау» атты бұқа, Ақмола облысындағы «Торғай» ЖШС, Қалмақ тұқымы республикалық палатасы.
Байқауға Қазақстанның етті ірі қара мал өсіретін алты республикалық палатасы – Angus, Qazaq Aqbas, Әулиекөл, Герефорд, Қалмақ және Обрак тұқымдарының республикалық палаталары қатысты. Байқау алаңында асыл тұқымды 89 бұқа таныстырылып, бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жетті.
Ұлттық байқаудың қазысы Ануарбек Сейтмұратовтың айтуынша, биыл пилоттық жоба аясында алғаш рет барлық бұқаларды бағалаудың бірыңғай балдық жүйесі енгізілді. Бағалау парағы Қазақстандағы барлық етті мал тұқымдары республикалық палаталарының сарапшылары мен мамандарының қатысуымен әзірленіп, көрмені ұйымдастырушы «EXPO TIME» ЖШС тарапынан бекітілді.
Байқаудың қорытынды кезеңі асыл тұқымды ірі қара малдың ашық аукционымен аяқталды. Мал шаруашылығы саласының мамандарының айтуынша, «Jańa Dala / Green Day ‘2026» Қазақстандық Дала күні барысында аукционға шығарылған асыл тұқымды бұқалардың басым бөлігі жаңа иелерін дәл осы алаңда табады.
Мәселен, Қарағанды облысындағы «Арнаш» шаруа қожалығы әкелген әулиекөл тұқымының барлық малы әр басы 2 миллион теңгеден сатылып, аукционның рекордтық нәтижесін көрсетті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, барлық етті ірі қара мал тұқымдарының Абсолютті чемпионын анықтайтын бұл форматтағы байқау соңғы рет өткізілді. Келесі жылдан бастап жарыстың регламенті өзгереді: әрбір тұқымның үздік бұқалары тек өз тұқымының ішінде ғана бақ сынайтын болады. Яғни, әртүрлі тұқымдар арасындағы бәсекелестік өткізілмейді.
Байқауға қатысушылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстандағы теңдессіз бастама болды. Оның тарихи қорытынды байқауы еліміздің асыл тұқымды мал шаруашылығы тарихындағы тұтас бір дәуірдің аяқталғанын білдіріп, агроөнеркәсіптік кешеннің шежіресіне алтын әріптермен жазылатын маңызды оқиғаға айналды.
«Jańa Dala / Green Day» ақпараттық орталығы
Ринат Тасбулатов
Тел.: +7 701 460 91 82
e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

















