31.03.2025 ж.
БАҚ үшін хабар
Қазақстандық кәсіпорында негізгі аграрлық агрегаттар өндірісі іске қосылды
Қазақстанда алғаш рет бұрын елде шығарылмаған бірқатар ауыл шаруашылығы агрегаттарының өндірісі басталды.
Көкшетау қаласында орналасқан «Қазагромаш» зауыты ені 11 және 15 метр қопсытқыштардың, кеңалымды таптауыштар (12-18 м) мен дискілі және орташа серіппелі тырмалардың сериялы өндірісін бастағаны туралы хабарлады. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, енді фермерлерге шетелдік өнім берушілеріне тәуелді болып, импорт үшін артық ақша төлеп және жеткізілімді ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ. Бұл еліміздің бүкіл аграрлық секторы үшін алға басқан үлкен қадамы.
Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы агрегаттары мен құрал-жабдықтарын шығаратын «ҚазАгроМаш» зауыты 2024 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген болатын. Ол кезеңде оның қуаты жылына 150 бірлік ауыл шаруашылығы жабдықтарын құрады. Бастапқыда өндіріс желісін ұлғайту жоспарымен кәсіпорынның өндірістік желілерінде алты түрлі құрал-саймандар: сыдыра жыртқыштар, таптауыштар, соқалар, қар сырғыштар, дискілік тырмалар және тіркемелер шығарылды.
Зауыт директоры Виталий Борко атап өткендей, ондаған жылдар бойы қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығы агрегаттарын шетелден сатып алуға мәжбүр болды. Бұл дегеніміз көп шығын, ұзақ жеткізу уақыты және бөлшектермен байланысты қиындықтар. Сонымен қатар, басқа елдерде әзірленген техника әрдайым Қазақстанның климаттық және топырақ жағдайларына сәйкес келе бермеді. «Енді бұл мәселе шешілді. Ел ішіндегі негізгі ауыл шаруашылығы агрегаттарының өндірісі техника құнын үнемдеуге (импорттық баламалары миллиондаған теңгеге қымбатқа түседі), қосалқы бөлшектердің кепілдендірілген қолжетімділігіне, жергілікті жағдайларға бейімделуге (техника Қазақстанның топырағы мен климатының ерекшелігі ескеріле отырып жасалады), сондай-ақ мемлекеттің қолдауына байланысты жаңа мүмкіндіктерді ашады, өйткені отандық техникаға 30% субсидия беріледі»,- дейді зауыт директоры.
«ҚазАгроМаш» зауытының ақпаратына сәйкес, ені 11 және 15 метр тұтас қопсытқыштар қазақстандық фермерлерге егістіктерді өңдеуге - топырақты қопсытуға және химияны қолданбай арамшөптерді жоюға көмектеседі; кеңалымды таптауыштар (12-18 м) - егіс алдында топырақты дайындауда таптырмас құрал, олар топырақ құрылымын жақсартады және ылғалды сақтауға ықпал етеді; қармау ені 8 метрге дейін баратын 2 және 4-қатарлы дискілік тырмалар -топырақты қопсыту, арамшөптерді жою және егін жиналғаннан кейін өсімдік қалдықтарын өңдеу үшін қажет.
«ҚазАгроМаш» жаңа техниканың барлық мүмкіндіктерін ағымдағы жылдың жазында Қазақстанның ең ірі агроөнеркәсіптік көрмелерінде көрсетуге ниетті болып отыр:
2025 ж. 17-18 шілдеде - «Jańa Dala / Green Day ‘2025» мамандандырылған көрсетім-көрмесі. Өтетін орыны: «Ақтық» агрофирмасы» АҚ көрсетім егіс алқаптары (Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Нұресіл ауылы, Астанадан 15 ш. жерде, Талапкер ауылынан кейін);
2025 ж. 31 шілде - 1 тамызда «Jańa Dala / Karkyn ‘2025» халықаралық ауыл шаруашылығы көрсетім-көрмесі. Өтетін орыны: «Қарқын» агрофирмасы» ЖШС көрсетім алқаптары (Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Степановка ауылы, Қостанайдан 65 ш. жерде).
________________________________________________
«Jańa Dala / Green Day ‘2025» ақпараттық орталығы,
Ринат Тасбулатов, 8-701 460 91 82, e-mail: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.